Ежелгі Отырар қаласы

ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ОТЫРАР ҚАЛАСЫ 
       Отырар - әлемдік өркениетте өзіндік үлесі бар, тарихы терең, табиғаты көркем, төсінде сұлу Сыр мен ерке Арыс қатар аққан, Ұлы Жібек жолы бойындағы құтты мекен
       Ежелгі заманнан-ақ бүкіл шығысқа кеңінен танымал Үнді, Қытай, Византия, т.б. мемлекеттермен үнемі ғылыми, мәдени, экономикалық, дипломатиялық байланыстарда болып, қалаларында ғылым мен мәдениет, сауда, өндіріс, далаларында егін, мал шаруашылығы қатар дамыған аймақ. Аймақтың жағрапиялық жағдайы екі шаруашылықты қатар дамытуға өте қолайлы. Қаратаудан бастап Бөген, Шілік сияқты кішігірім өзендер ағып келсе, Арыс сияқты үлкен өзендер Сырдарияға құяды. Қазір мұндағы ел аузында жер-су аттарының ежелгі атаулары қалмаған. Тек бірнеше жүздеген жылдар өтсе де, көне қала Отырардың аты сақталып қалған.
       Деректерде Отырар қаласы ұзыны мен көлденеңі бір күндік жолға жуық алқапты алып жатқан округ орталығы болғандығымен сипатталады.
       Ғұлама ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің отаны Отырар – Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан ортағасырлық қалалардың ең белгілісі. ҮІ-ҮІІІ ғасырларда Отырар-Фараб Сырдарияның орта шеніндегі ірі феодал иелігінің астанасы, ІХ-ХІІ ғасырларда аймақтың бас қаласы, ХІІІ-ХҮ ғасырларда Қазақстанның оңтүстігіндегі аса ірі қалалардың бірі, ал ХҮІ-ХҮІІІ ғасырларда Қазақ хандығының саяси және экономикалық орталығы болған. 
       Ортағасырлық араб, парсы тарихшылары мен географтарының жазбаларында бұл қаланың Қазақстанның оңтүстігіндегі саяси, сауда және мәдени орталығы болғандығы, Орталық Азия тарихында маңызды рөл атқарғандығы айтылған.
       Қаланың рөлі мен маңыздылығының артықшылығы – оның орналасқан жерінің, географиялық жағдайының қолайлылығына байланысты болған. Отырар Арыс өзенінің Сырдарияға құяр сағасында егіншілікпен айналысатын іргелі аймақ орталығы, әрі Қаратау етегіне жақын орналасқандықтан көшпенділердің бекініс қамалдарының бірі болатын. Сондықтан белгілі шығыстанушы, археолог А.Н.Бернштам: «Орта Азияда мұндай өте қолайлы және өте қауіпті жағдайда болған қаланы табу қиын»,- еді деп атап көрсеткен.
       Деректерге қарағанда Отырардың соңғы тұрғындары қаланы ХҮІІІ ғасырдың орта шенінде тастап, Түркістан, Шымкент, Шілік жағына қоныс аударған. Содан бергі дәуірлерде Отырар қаңырап бос қалды.
       ХІХ ғасырдың аяғында Отырар қирандылары мен оның төңірегінде орналасқан басқа да ескерткіштер зерттеуші ғалымдардың назарынан тыс қалған жоқ. Сол кездерден бастап Отырар өлкесін археологиялық тұрғыдан зерттеу жұмыстары жалғасып келеді.
       Отырар ескерткіштері жайлы Б.Б.Бартольд, Е.Г.Смирнов, Н.С.Ликошин, А.О.Руднев, Д.Н.Люшин, И.А.Кастанье, А.К.Кларе, А.Черкасов, И.Т.Постлавский, А.Н.Бернштам, Е.И.Агеева, А.Г.Максимова, К.А.Акишев, К.М.Байпақов, М.Б.Қожа және тағы басқа ғалымдардың еңбектерінде кеңінен жазылған. Тарихи деректерге сүйенсек, Отырардың алғашқы топографиялық сұлбасы 1903 жылы түсірілді. Отырарды зерттеу 1904 жылдары А.Кларенің басшылығымен жүргізілген алғашқы ғылыми негіздегі қазба жұмыстарынан басталады.
      1947 жылы Оңтүстік Қазақстанда орналасқан ескерткіштерді зерттеу қолға алынды. Сол кездегі Тарих, археология және этнография институты мен материалды мәдениет институтының Ленинградтық бөлімі бірлесе отырып ОҚАЭ құрды, экспедиция басшысы А.Н.Бернштам болды. ОҚАЭ өңірдегі Пышақшытөбе, Алтынтөбе, Құйрықтөбе, Марданкүйік, Көкмардан, сонымен қатар, Сырдарияның солтүстік жағасындағы Бұзық, Оқсыз, Артық ата, Қауған ата және Сумағар сияқты тарихи ескерткіштерге зерттеу жұмыстарын жүргізді. 1969-1971 жылдары Кемел Акышев бастамасымен ҚазССР Ғылым Академиясының Ш.Уалиханов атындағы тарих, археология және этнография институты Отырар экспедициясымен жұмысты қайта бастады. Нәтижесінде Отырар Қазақстан мен Орта Азия аумағындағы ең көп зерттелген ортағасырлық қала болып табылды.

     ЕРТЕ ОРТАҒАСЫРДАҒЫ ОТЫРАР
       Отырар орнындағы қоныстың пайда болуы б.д. бірінші ғасырының кезіне тұс келеді. Бұл - жазба деректерде Отырар-Фараб атауы кездесетін VІІІ ғ., әлдеқайда ертерек уақыт. Қазақстанның оңтүстігінде б.д.д. І мыңжылдықтың соңына таман қалыптасқан Қаңлы мемлекетінің орталығы Сырдың орта тұсы Отырар алқабында орналасты.
         Мұндағы қоныстар мен қалалар бірнеше кішігірім алқаптардан тұрды. Олардың ішіндегі ең ірі алқаптардың бірі Отырар қаласы маңында болды. Қаланың бой көтеруі б.д.д бірінші ғасыр мен б.д. бас кезіне сай келеді. Сондай-ақ мұндағы қазіргі атаулары Құйрықтөбе, Алтынтөбе, Жалпақтөбе мен Марданкүйік деп аталатын қалажұрттарының да төменгі қабаттары осы кезеңге жататыны дәлелденген. Аталған қалалар ІІІ-V ғасырларда мұндағы ірі қала орталықтары болып қалыптасты. Сонымен қатар, Арыс өзенінің сол жағалауында Көкмардан қаласы, Сырдарияның сол жағалауында Оқсыз қаласы және Бөген өзенінің төменгі сағасында Бұзық қаласы мұндағы шағын аймақтардың орталықтары болды. Бұл уақыттарда мұндағы қоныс тұрғындары темір балқытып, одан тұрмыстық заттар, сүйектен түрлі әшекейлер мен зергерлік бұйымдар жасай білді. Сонымен қатар, керамика өндірісі де жоғары деңгейде дамыды. Көптеген ыдыс беттеріне күйдірілуге дейін тамға тәрізді белгілер келтірілді және оларға адам тұрпатындағы мүсіндер жапсырылды. Мұндағы тамғалар шеберлердің белгілерін білдірсе, ал жапсырма мүсіндер ыдыс ішіндегі азық-түлікті, тағамды қорғайды деген түсінікті берді. Сонымен қатар ыдыстардың тұтқаларын қошқар бейнесінде жасау Сыр бойын, оның ішінде, Отырар төңірегін мекендеген тайпаларға тән қасиет болды. Ыдыстарға жапсырылған қой пішінді тұтқалар ыдысқа «Көз тимеу» үшін жасалынған кие белгісі ретінде қолданылып отырды.
       Сонымен қатар, қала орындарынан қазба барысында ирригация қалдықтары, астық дәндерінің табылуы, астық сақтайтын қамбалардың және еден сылағы мен кесек арасында сабанның бар болуы, дәнүккіштердің көптеп табылуы егіншіліктің жақсы дамығандығын көрсетеді. 
      Қалалар мен қорымдарды қазу барысында шеттен әкелінген заттар – ирандық шекпелі тас мөрлер, римдік қола фибула - түймеліктер, айналар мен қытайлық теңгелердің табылуы Қытай, Рим, Кушан империясы мен Сасанидтік Иранмен саудасаттық жүргізілгенін дәлелдейді. 
      Халықаралық байланыстың негізі ретінде Отырар қаласында қола теңгелер шығарылды. Олардың бір бетіне қаңғарлардың тамға - рәміздері, екінші бетіне арыстан бейнеленді. Түргеш, қытай мен сасанид теңгелері халықаралық сауда валютасы ретінде қолданылды. 
      Отырар алқабының ортақ суару жүйесі де осы уақытта, яғни VII-VIII ғасырларда қалыптаса бастады. 
      Сырдың орта тұсындағы жерлерді VIII-Х ғғ. басында арабтар жаулап алып, кейіннен ІХ-ХІ ғғ. бұл жерлер Саманидтер мен Қарахандар мемлекеттерінің құрамына кірді. Яғни, бұл уақыт ислам діні мен мұсылман мәдениетінің орныққан кезі болып саналды. 
      Шығыстың әйгілі энциклопедист-ғалымы Әбу Насыр әл-Фараби Отырар алқабында, Сыр бойындағы Весидж (Оқсыз қалажұрты) қаласында дүниеге келген. 
     Араб тілі мен жазуы кең тарады. Мешіттер жанынан мектептер, кітапханалар ашылды.
 
     ІХ-ХІІ ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ОТЫРАР 
     Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстігіндегі қала мәдениетінің дәуірлеген кезі ІХ-ХІІ ғғ. тұс келеді. Осы уақыттан бастап жаңа қалалар бой көтеріп, бұрынғы қалалар өркендей бастады. Қала аумақтары рабад есебінен ұлғайып, қалалар мұнаралы қамал, ор мен үйінді секілді бекініс құрылыстарымен қоршалды. Ұзақ уақыт жүргізілген қазбалар негізінде қалалардың орталық аумағындағы махаллаларды құраған үйлердің тығыз салынғандығы анықталды. Үйлердің тұрғын бөлмелерінде қабырғаны бойлай соғылған биіктігі 0,4м және ені 1-1,20 м сыпалары болған. Еденге қазан тағандары бар ашық ошақтар және от жағылатын, керамикалық таба түрінде орнатылған. Олардың нобайы дөңгелек және тікбұрышты (дәлірек айтқанда антропоморфты), шекпелі және кертпелі өрнектермен безендірілген. 
      Сонымен қатар, қалада кәріз жүйелері жұмыс істеп, әрбір үйде санитарлықгигиеналық жүйе орнады. Қалалар маңында мұсылман зираттары пайда болып, кесенелер бой көтеріп, ірі ансамбльдер қалыптасты. Қалалар ішінде мешіттер салына бастады. Мұндай көріністі Құйрықтөбе қаласына жүргізілген қазбадан аршылған «бағаналы» типке жатқызылатын ерте кезеңнің мешітінен көреміз. Оның қызмет атқарған уақыты – Х ғ. бас кезіне жатады. Зерттеуші ғалымдар мұнда Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы Арыстанбаб уағыз жүргізген болуы да мүмкін деген болжамдар айтады. 
      Қала құрылысы ішінде монша секілді қоғамдық ғимараттар пайда бола бастады. Бұған дәлел, Отырар рабадының аумағындағы қазба нәтижесінде ХІ-ХІІ ғғ. жататын екі монша орны табылуы. 
      ХІ-ХІІ ғасырларда мұнда көзешілік өнердің дамуы өзінің шарықтау шегіне жетті. Ыдыстарға шыңылтыр астынан қызыл, қара, жасыл, сары бояулармен әшекей салу кең тарады. Өрнектер эпиграфиялық, өсімдік және геометриялық кескінді болды. Сонымен қатар, қазба барысында табылған құстар мен жануарлар кескіндері бейнеленген, гүл жапырақшалары мен арабша қаріппен жазылған қасиетті сөздермен безендірілген ыдыс-аяқтар ерекше көз тартады. 
      Шыны шеберлері түрлі өнімдер – ыдыс-аяқ пен тұрмыс заттарын, әшекейлер мен әтір сауыттарын, химиялық ыдыстар жасады. Темір ұсталары түсті металдан шырағдандар мен сәнді бұйымдар, зергерлер алтын мен күмістен зергерлік әшекейлер жасады. Сонымен қатар, осы кезеңде Отырарда теңге сарайы қызу жұмыс істеді, сауда-саттық дамып, шетелдерден әртүрлі заттар әкелінді. Білім мен ғылым, мәдениет, қала сыртында мал шаруашылығы мен диқаншылық дамыды.

ОТЫРАРДАҒЫ МОҢҒОЛ ШАПҚЫНШЫЛЫҒЫ 
      ХІІІ ғасырдың бірінші жартысында Отырар Хорезмшах мемлекетінің құрамында болды.  
      1218 ж. Шыңғысхан хорезмшах Мұхаммедтің сарайына сауда керуенін жіберіп, керуен Отырарға келген кезде, қала билеушісі қыпшақтан шыққан қолбасшы Еналшы Қайырхан Мұхаммедтің бұйрығымен керуеншілердің көзі жойылды. Бұл оқиға моңғолдардың батыстағы жаулап алу жорықтарына бірден-бір себеп болды. 
      Осыдан кейін 1219 жылдың күзінде моңғол қолы Отырар түбіне ат басын тіреді. Жарты жылға созылған қоршаудан кейін қала алынып, қиратылды да, халқы қырып тасталды. Алты айға созылған бұл соғыста қала ерлігімен қатар бекем қорғаныс қамалдары барлығын паш етті. 
      Моңғолдың атты әскері Қазақстан жерін қайғы-қасірет секілді жайпап өтті. Қалалар қирап, гүлденіп тұрған қыстақтардың тоз-тозы шықты. Бұл шапқыншылық салдарынан Отырардың да гүлденуі тоқырауға ұшырады. Отырардағы қазба жұмыстары кезінде ХІІІ ғ. бас кезіне жататын мәдени қабаттардан қирау мен өрт іздері көптеп табылуы осыны дәлелдейді. 
     Бұл дүрбелең салдарынан қираған көптеген қалалар кейіннен қайта бой көтере алмады. Бірақ моңғол шапқыншылығы Қазақстанның қала мәдениетін жойып жібере алған жоқ, себебі оның қаңлылар мен қаңғарлар мәдениетінен бастау алатын дәстүрінің тамыры бекем болатын. Археологиялық зерттеулер Қазақстанның оңтүстігіндегі қалалық өмірдің моңғол империясы, Ақорда мен Қазақ хандығы кезеңінде де дамып, гүлденгенін дәлелдеп берді. 
      Моңғолдар текқана шапқыншылық жасаған жоқ сауданы дамыту мақсатында ақша реформасын жасады. Сол себептеШағатай ұлысында Шағатайдың атынан күміс, мыс ақшалар соғылып айналымға жіберілді.

ӘМІР ТЕМІР ТҰСЫНДАҒЫ ОТЫРАР 
     Шыңғысхан дүние салғаннан кейін басталған дүрбелең кезінде Отырар сыр өңіріндегі саяси және экономикалық маңызы бар орталыққа айналды. ХІІІ ғ. Орта тұсында қала Батыстан Шығысқа қатынайтын жол бойындағы ірі сауда орталығы ретінде қайта өркендей бастады. Осы себеппен ол Қазақстанның оңтүстігі мен Орта Азияның солтүстігін металл ақшамен қамтамасыз етті. Негізінен мұнда мыс және күміс дирхемдер, алтын динарлар соғылды. 
     XIV ғасырда Отырар еңсесін қайта тіктеп, Алтын Орда дәуірінде аймақта зәулім сарайлар мен мешіттер салынды. Түркістанның басқа қалалары сияқты Ақ Орда хандары Отырарда да жаңа құрылыстар салды. Осы кезде қала сауда мен кәсібі дамыған үлкен орталыққа айналды. 
     Отырардың, Сыр бойындағы басқа да қалалардың Темірге бағынған кезінде Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи кесенесі салынып, Отырар алқабындағы Арыстанбаб кесенесі жөнделсе, Отырардың өзінде қалалық жұма мешіт бой көтерді. 1405 жылдың қысында, Қытай жорығына дайындық жүріп жатқан кезде Отырардағы Бердібек хан сарайында ұлы жаһангер Әмір-Темір дүниеден өтті. 
     XIV ғасырдың аяғы мен XV ғасырдың екінші жартысында Отырар Әмір Темір мен темірліктер мемлекетінің құрамында ірі стратегиялық, әрі экономикалық орталық болып қала берді. Археологиялық зерттеулер XIV ғасырдың аяғы мен XV ғасырда шаһар қамалының қайта жөндеуден өткендігін көрсетеді. Бұрынғы қорған қабырғасы тағы да бір жарым метрге қалыңдатылған. Қала айналасындағы егістікті, халықты сумен қамтамасыз ету мақсатында Арыс өзенінен Темірарық деп аталатын су жүйесі тартылды. 
     Отырар қалажұртының оңтүстік бұрышынан оңтүстікке қарай 200 м жерде сәулетті құрылыстар салуға аса қажетті құрылыс материал – қыр (алебастр, ганч) жасайтын өндіріс орнының табылуы, мұнда сол кезеңдерде құрылыс материалдарын дайындайтын өндіріс болғандығын көрсетті. Зерттеу нәтижелері бұл орындар XIV ғасырдың екінші жартысы мен XV ғасырдың бірінші жартысында жұмыс істеген деп көрсетеді. 
      Қаланың оңтүстік қақпасынан батысқа қарай 200 м. қашықтықта, су қоймасы жағасында ХІІІ ғ. соңғы ширегі - ХV ғ. жататын монша болған. Ол ХІ-ХІІ ғ. моншасының орнынан бой көтерген. Монша еденіне сырлы қыш төселген және жылу осы еден арқылы берілген. Сонымен қатар ғимарат ішінде бассейн, массаж бөлмелері болған. 
      Отырар қаласының шығысында ХІІІ-ХV ғғ. қыш ыдыс өндірісінің шоғырланған жері анықталды. Көзешілер махалласы 2 га жерді алып жатыр. Мұнда ыдыс-аяқ жасайтын шеберлер сырсыз керамикадан қызыл ангоб жалатылған, жапсырма, кертпе, қалыппен безендірілген күбіжік, құмыра, тостақ сияқты ыдыстар жасады. Сонымен бірге шыңылтырлы сырлы керамика да көптеп өндірілді. Ыдыстар геометриялық, өсімдік тектес, зооморфты және эпиграфикалық өрнектермен безендірілді. 

ОТЫРАР ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ ТҰСЫНДА 
      Қазақ хандығы бой көтерген XVғ. - XVIғ. басында Отырар нығайып ұлғайған кезде қалада жаңа ғимараттар тұрғызылып, қолөнер одан әрі гүлденді. 
       Қазақ хандығы тұсында, Отырар Шайбанилермен Түркістанды иелену үшін болған үздіксіз қақтығыстар тұсында, яғни XV ғасырдың аяғында, осы уәлаятта өзінің әкімшілік орнын жоғалтқан жоқ. Себебі, Отырар, Түркістан қалаларының ішінде өзінің шаруашылық, әрі саяси орнын сақтап, қазақ хандығының қалыптасу, өркендеу барысында тарихи әсерін, күшін сақтап қалды. XVI ғасырдың соңында Отырар толық қазақтарға, қазақ хандығының құрамына өтті. 

       Сыр бойындағы қалалар қазақтардың әкімшілік, экономикалық және мәдени орталықтары болып саналды. Ірі қолөнер және сауда орталықтары болғандықтан, олар үлкен маңызға ие болды. Қалалар арқылы далаға қолөнер өнімдері, мата сияқты тұрмысқа қажетті түрлі бұйымдар келіп тұрды. Сонымен қатар, олар мал мен мал өнімдерінің, астықтың сауда-саттық орындары болып есептелді. 
      Сонымен қатар бұл кезеңдерде қару-жарақтар жетілдіріліп, білтелі мылтықтар пайда бола бастады. Оларға қалыппен қорғасын оқтар дайындалды. 
      Археологиялық қазбаларда бұл кезең екінші құрылыс қабатына жатқызылды. Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, Отырар қайта көтерілген. Қала бойы үйлер салынып, бос жатқан жерлер қалмаған. Қолөнердің керамика күйдіру, темір өңдеу және мата тоқу сияқты түрлері дамыған. Қалада сауда дүкендері бар үйлер де болған. К.А. Ақышев, Л.Б. Ерзакович, К.М. Байпаковтың зерттеулері бойынша қала халқының 12 пайызы қолөнермен, 15 пайызы сауда-саттықпен айналысқан. Сонымен қатар, XVIII ғасырда Отырарда 761-дей үй болған, онда шамамен 5 212 адам тұрған деп көрсетеді. Отырардың осы қабатында Орта Азия мен орыс теңгелерінің табылуы сауда-саттық байланыстардың бағытын айғақтайды. Алайда, Отырар базарында негізінен Ташкент пен Ясының мыс теңгелері жүрген. Бұл Отырардың гүлдену кезеңін қайта бастан өткергендігін көрсетеді. 
       Бірақ жоңғар шапқыншылықтары, ішкі талас-тартыстар, экономикалық өмірдің жаппай дағдарысқа ұшырауы қалалар өмірінің құлдырауына, Сыр бойындағы бірқатар қалалардың, соның ішінде, Отырардың өмір сүруінің тоқтауына алып келді. Көне қала тіршілігі ХҮІІІ ғасырдың орта шенінде тоқтап, содан бергі дәуірлерде қаңыраған қалажұрты жергілікті тұрғындар «Отырартөбе» деп атап кеткен үйіндіге айналған.