«Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы туралы    
     Музей 1979 жылдың 11-мамырынан бастап ғылыми зерттеу, Мәдени ағарту және Қазақстанда алғаш рет археологиялық тарихи ескерткіштерді қорғау мекемесі, 1982 жылдан Отырар аймағындағы тарихи ескерткіштерді қорғайтын қорық-музей болып табылады. Қазіргі таңда музей Республика көлемінде археологиялық жәдігерлерді зерттеу, қазба жұмыстарын жүргізетін, реставрация және консервация арқылы ескерткіштердің сақталуын қадағалайтын, сонымен қатар халқымыздың этнографиялық және рухани, мәдени мұраларын   жинақтап сақтау, зерттеу жұмыстарын жүргізетін бірден-бір мекеме.             
     Музей-қорығы қарамағында жалпы көлемі 11000 гектарды алып жатқан 3-республикалық 73-жергілікті дәрежедегі тарихи-мәдени ескерткіштер бар. Музей қорында 24825 жәдігер бар. Музей ғимараты үш қабатты кешеннен тұрады. Бірінші қабатта қор-сақтау бөлмелері,  ғылыми бөлімдер және кітапхана орналасқан.              
Екінші қабатта музей экспозициясының археологиялық бөлігі жасақталған. Экспозицияда Отырар және осы өңірдегі археологиялық ескерткіштерге айналған қалалар мен қалашықтардың терең тарихына байланысты І-ХVІІІ ғасырлар аралығын қамтитын жәдігерлер кеңінен көрсетілген.              
Үшінші қабаты ХІХ-ХХ ғасырлар аралығындағы Қазақ халқының тұрмыс тіршілігі, шаруашылығы, қолөнері және мәдениетін көрсететін этнографиялық жәдігерлер мен экспозицияланған.           
      Музейде Археология ғылыми-зерттеу бөлімі, Тарихи ескерткіштерді қорғау ғылыми-зерттеу бөлімі, Реставрация және консервация ғылыми-зерттеу бөлімі, Қор сақтау ғылыми-зерттеу бөлімі, Этнография, әдебиет және мәдени-көпшілік іс-шаралар ғылыми-зерттеу бөлімі, Экспозиция, экскурсия және қоғаммен байланыс ғылыми-зерттеу бөлімдерімен қатар кітапхана жұмыс жасайды.               
      Қазіргі таңда Отырар өңіріне келген туристер музей экспозициясы, Сапар орталығы, Арыстанбаб кесенесі және Отырар қалажұртындағы ашық аспан астындағы мұражайын тамашалай алады. Отырар қалажұрты маңынан салынған «Отырар мемлекеттік археологиялық музейі қорығының Сапар-орталығы» 2019 жылы пайдалануға берілді. Ал, экспозиция залы 2020 жылы жасақталды. «Сапар орталық» – бұл мәдени туризм орталығына айналуға тиіс бірегей нысан. Орталықтың ашылудағы мақсаты да Отырар оазисінің мәдени мұрасын еліміз бен шетелдерде насихаттау. Отырар музей-қорығының территориясында орналасқан тарихи-мәдени мұра нысандарының қорғау мен олардың сақталуын қамтамасыз ету, заманауи талаптарға сай туристік орталық жасау. Музей қорына түсіп отыратын экспонаттар үшін бірінші және екінші қабаттарда экспозициялық залдар қарастырылған. (аумағы 492,24м2) Бірінші этажда қосалқы бөлмесі бар 86 орындық лекциялық зал орналасқан. Туристерге кешенді қызмет көрсететін орталықтың бірінші қабаты туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында жабдықталған. Яғни, демалыс орындар, балалар алаңы, коворкинг алаңы, т.б қарастырылған. Ал, екінші қабатта көне Отырар қаласының бес кезеңі II-VI Отырардың құрылуы, IX-XII Отырардың өркендеуі, XIII Отырар апаты, XIV Отырардың қайта келтіру кезеңі және қазақ хандығы кезеңіндегі Отырар бойынша экспонаттармен жабдықталған. Сапар орталығынан Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын мемлекеттік деңгейде атап өту туралы мемлекет басшысының жарлығына сәйкес Әбу Насыр әл-Фарабиге арналған зал көпшілік назарына ұсынылды. «Ұлы ұстаз ұлағаты» тақырыптық экспозициялық жоспарын құру барысында Әбу-Насыр әл-Фарабидің ғылым мен өнер саласындағы еңбектері,  Отырардағы ғылым мен мәдениет, өнерге қатысты артефактілер сонымен қатар, Фарабитанушылардың еңбектері заттай дерек ретінде қарастырылды. Цоколдық қабатта қор-сақтау арнайы музейлік стеллаждармен, шкафтармен жабдықталған қор-сақтау бөлмелері қарастырылған. Қор-сақтаудың жанында түсетін материалды есепке алатын қызметкерлерге арнаған жұмыс орындары қарастырылған. Реставрациялық жұмыстар мен көрмелік конструкцияларды жасау жұмыстары үшін цоколдық қабатта шеберханалар орналасқан. Музейге жұмыс істеуге шақырылатын мамандар үшін және де Отырар қалажұртында қазба жүргізетін археологтар үшін 16 орындық жатақхана ғимараты салынған. Ғимараттың аумағы 519м2. Жатақхана талапқа сай жиһаздармен жабдықталған.             
    Қазақ өркениетінің алтын діңгегі атанған Отырар жеріне бұл күндері жер жүзінен аса қызығушылықпен ғалымдар мен саяхатшылар жылдан-жылға көптеп келуде. Осыған байланысты келешекте Ұлы Жібек жолы бойына орналасқан тоғыз туристік нысанды  қосуды жоспарлап отыр.       
    Мұндағы біздің мақсатымыз Отырар өңірінің терең тарихы мен мәдениетін насихаттайтын асыл мұраларымызды сақтап ғылыми тұрғыдан жүйелеп адамзат иелігіне тапсыру болып табылады.