Реставрация – табиғи ескіру, нұқсан келтіру немесе әдейі өзгерту кезінде заттардың өзгеріске ұшыраған  тұстарын бастапқы қалыпқа барынша жақындату. Консервация  - табиғи ескіру процесін баяулату мақсатында белгілі бір режимдерді енгізу арқылы заттарды сақтау, сонымен қатар, бұзылу процесіне белсенді түрде араласып, заттарды бекіту. Реставрация– музей ісінің ажырамас әрі маңызды бөліктерінің бірі. Отырар музйі құрылғаннан бері онда реставраторлар жұмыс істеп келеді. Олардың қолымен жүздеген музейлік заттар жөндеуден өтіп, жаңғырып, қайта түледі. Отырар музейі қорықтық музей болғандықтан ашық аспан астындағы ескерткіштерді сақтап, күтіп ұстау мақсатында 2005 жылы Реставрация және консервация бөлімі болып қайта құрылды.

Қордың сақталуын бақылап жүрген сақтаушылар мен реставраторлар консервация мен реставрацияны қажет ететін заттарды іріктеп алады. Қате көрсетілген диагноз, дұрыс жүргізілмеген жұмыс музей затының жойылуына әкеп соғады. Жаңа тәсіл мен жаңа құралдарды (химиялық, басқа да жаңа заттарды) қолдану өте сақтықты және тиянақты эксперименттік тексеруді қажет етеді. Қайталанбас, сирек заттарды жөндеу аса маңызды іс.