«Қор сақтау» ғылыми-зерттеу бөлімі

Қойнауы тұнып тұрған тарихқа толы, көне өркениет орталығы, қазақ өркениетінің алтын діңгегі, ұлттық тарихымыздың қорына қосар үлесі мол Отырар жерінде 1979 жылы Қазақ ССР-і Министрлер Кеңесінің № 219 шешімімен Отырар оазисіндегі тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау, сақтау негізінде Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі құрылды. Музейдің негізгі міндеті болып табылатын музейлік құндылықтарды сақтау және есепке алу жұмыстарын жүргізетін қазіргі қор сақтау бөлімінің тарихы музей тарихынан да ертерек. 1967 жылы жергілікті тарихшы ұстаз Асантай Әлімов ашқан мектеп музейінен басталады деуге негіз бар. А. Әлімовтің жетекшілігімен оқушылар ел аралап жүріп 600-ден астам жәдігер жинады. Жәдігерлер мектеп музейіне сыйыспағандықтан А. Әлімовтің ауданнан музей ашу керек деген ұсынысының арқасында аудандық өлкетану музейі 1975 жылы сол кездегі Қызылқұм ауданының орталығы Шәуілдірден облыстық өлкетану музейінің филиалы ретінде ашылды.

Музей қоры - музейдің иелігіндегі музейлік заттар мен оларға қатысы бар ғылыми-көмекші материалдардың жиынтығын құрайтын, яғни мемлекеттік музейлер, музей-қорықтар мен басқа да мемлекеттік ұйымдар қорындағы және мемлекетке тиесілі мәдени құндылықтардың жиынтығы болып табылады.Отырар музейінің қоры осы музейдің негізін қалаушы Асантай Әлімұлының ұйымдастырған мектеп музейінен бастау алған. 1982 жылы Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі толық пайдалануға беріліп, Қызылқұм аудандық өлкетану музейінің қорындағы 764 дана жәдігер Отырар мемлекеттік археологиялық қорық - музейінің қорына түгелімен алынды.

Музей ғимаратынан жәдігерлерді сақтауға жалпы көлемі 254 ш/м-ді құрайтын 5-бөлме берілді. Қор сақтау бөлмелеріне жинақталған аталмыш жәдігерлер негізгі және қосалқы қорлар болып бөлінді, сонымен қатар бас және қосалқы түсім кітаптарына тіркелді. 1997 жылдардан бастап музейдегі қор жұмысында өзгерістер болды. Сақтау бөлмелерінде аралас тұрған археологиялық және этнографиялық жәдігерлер бөлініп алынды. Барлық қор сақтау бөлмелеріне сөрелер мен шкафтар жасалып, жәдігерлер жүйе-жүйесімен тіркеу номерлері бойынша орналастырылып, қор жұмысы біршама ретке келтірілді. 

Музейдің бас қор сақтау қызметін атқарған қызметкерлер: 1. Анпилова Зинаида Григориевна – 1980-1983 жж. 2. Асантай Әлімов – 1984 ж. 3. Анпилова Зинаида Григориевна – 1984-1996 жж. 4. Әпекова Райхан Оразханқызы – 1996-2002 жж. 5. 2002 жылдың күзінен бастап бас қор сақтаушы міндетін музейдің аға ғылыми қызметкері Ералы Төлендіұлы Шоқай атқарып келеді. Қордағы жәдігерлердің барлығы дерлік түпнұсқа және сирек кездесетін құнды заттар. Олар мемлекеттік «Мұражай құндылықтарын есепке алу және сақтау жөніндегі нұсқаулық» негізінде және музейішілік ережелерге сай сақталуда. Бүгінде музей қорында археологиялық, этнографиялық, жазба ескерткіштер қорымен қатар ауданымыздың тарихына қатысты материалдардан құралған жалпы саны 24 710 дана жәдігер сақталуда. Жәдігерлер ғылыми негізгі және көмекші қорға бөлінген. Негізгі қорда 21 991 дана, көмекші қорда 2 719 дана зат есепке алынған.

Бөлімде музей заттарының сақталу жағдайын жүйелі бақылауды жүзеге асыру, дезинфекциялық жұмыстар жүргізу, реставрациялық және профилактикалық тексерулерге қатысу, заттарды есепке алып, тіркеу, нөмірлеу, сонымен қатар қор сақтау қоймаларында, экспозициялық және көрме залдарындағы температуралық-ылғалдылық, жарық және басқа да режимдердің жағдайын күнделікті бақылауды жүзеге асыру, режимнің көрсеткіш есебін жүргізіп, оны тұрақтандыру үшін тиісті шаралар қабылдау сияқты жұмыстарды атқаратын 1 аға ғылыми, 1 ғылыми, 1кіші ғылыми және 3 қор сақтаушы мен 1 суретші-реставратор жұмыс жасайды.

Қор жұмыстарымен қатар бөлімнің ғылыми қызметкерлері белгілі бір тақырыпта ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысып, ғылыми насихат жұмыстары негізінде мерзімді басылымдарға ғылыми және танымдық мақалалар дайындап, жоғары оқу орындары мен мектептерде танымдық сабақтар өткізумен айналысады. Бұл жасалынып жатқан жұмыстар ұлттық құндылықтарымызды мейлінше ұзақ сақтауға, оларды зерттеп, зерделеп, ұлт тарихының әлемдік деңгейде насихатталуына және келер ұрпаққа түпнұсқа күйінде жеткізу үшін маңызы зор.